Печать

Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы

Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі N 193-IV Кодексі бойынша

92-бап. Пациенттердің міндеттері

      1. Пациент осы Кодекстің 90-бабында көрсетілген міндеттерден басқа:

      1) өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға шаралар қолдануға;

      2) медицина қызметкерлерімен қатынаста сыйластық пен сабырлылық көрсетуге;

      3) диагноз қою және ауруды емдеу үшін қажетті бүкіл ақпаратты дәрігерге хабарлауға, медициналық араласуға келісім бергеннен кейін емдеуші дәрігердің барлық нұсқамаларын мүлтіксіз орындауға;

      4) медициналық ұйымның ішкі тәртібінің қағидаларын сақтауға және мүлкіне ұқыпты қарауға, медициналық көмек алу кезінде медицина персоналымен ынтамақтастықта болуға;

      5) диагностика мен емдеу процесінде, сондай-ақ айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар не оларға күдік пайда болған жағдайларда, өз денсаулығы жай-күйінің өзгерісі туралы медицина қызметкерлерін уақтылы хабардар етуге;

      6) басқа пациенттердің құқықтарын бұзатын іс-әрекеттер жасамауға;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға;

      8) медициналық ұйыммен жасалған шартқа сәйкес амбулаториялық деңгейде медициналық және дәрілік көмек алу кезінде тағайындалған барлық нұсқамаларды орындауға міндетті.

      2. Осы баптың 1-тармағының 2) - 4) тармақшаларында көрсетілген пациенттердің міндеттері науқас балаға стационарда күтім жасауды тікелей жүзеге асыратын ата-анасына немесе өзге де адамдарға қолданылады.